Сынаққа жалпы саны 29 тазы қатысты. Олар түске дейін Жымпиты ауылдық округіне қарасты Қапақ қырын тінтіп, түстен кейін Бұлан ауылдық округіне қарасты Жамбыл ауылының маңындағы сай-саланы тінтті. Олжалы тазылар марапатталды. Далалық сынақта басқа аңшы иттерден ширақтық, ұшқырлық, жылдамдық танытқан бәйтеректік Нұрлан Мұхтаровтың «Нөкер» атты тазысы Батыс Қазақстан облысының чемпионы атанды. Қаратөбелік Әли Төлеуовтің «Қыраны» екінші, ал Арсен Жұмағазиевтің «Құтжол» атты тазысы үшінші орын алды. Барлық саятшыға елде дәстүрлі саятшылық өнерді дамытып, қазақы құмай тазы тұқымын сақтап қалуға қосқан үлестері үшін «Қайсар» спорт клубы мен «Қансонар» аңшылық қоғамдық бірлестігінің алғыс хаттар табысталды.
-Саятшылық – біле-білген адам үшін үлкен дала мектебі. Қазір өңірімізде дәстүрлі саятшылық, соның ішінде баптап, аңға тазы салу дәстүрі етек жайып келеді. Сырым ауданының өзінде 11 адам тазы ұстайды. Шарамызға басқа аудандардан да саятшылар мен тазылар келді. Бәрімізді ұлттық құндылығымыз – тазыға деген қызығушылық біріктірді. Далалық сынақта тек аңға ит салып қана қоймай, тазыларды баптау, олардың таза тұқымын сақтап қалу туралы үлкен мәселелерді талқыладық, - дейді әуесқой саятшы, сырымдық Сәбит Өмірзақов.
Бауыржан Ширмединұлы
Сырым ауданы
Источник: zhaikpress.kz