«Бәрімізге белгілі, аңшылардың көпшілігі интернет желісі дамымаған ауылдық жерлерде тұратындықтан «Электрондық үкімет» веб-порталы арқылы мемлекеттік қызметті алуға мүмкіндіктері жоқ. Азаматтарға аңшы куәлігін беру кезінде туындайтын аталған қолайсыздықтар іс жүзінде мемлекеттік қызметтің негізіне қайшы келеді. ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі мемлекеттік көрсетілетін қызметтер стандартында электрондық нысанмен қатар қызмет алушының қалауы бойынша түптелген қатты қағаз түрінде құжат беруді көздеген. Яғни интернет болмаған жағдайды аңшы құжатты қағаз түрінде алуына болады», - деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Әмірхан Рахымжанов Мәжілістің жалпы отырысында депутаттық сауал жасай отырып.
Оның айтуынша, аңшы куәлігін тек электронды түрде беру интернет жоқ далалық және таулы жерлердегі аң аулау процесін бақылауға кедергі келтіреді.
«Қазір аңшылық шаруашылығының бақылаушылары мен қорықшылары аңшы куәлігінің электрондық нысанының түпнұсқалығын тексеруге арналған арнайы құралдармен (планшеттер, сканерлер) қамтылмаған», - дейді ол.
Сондай-ақ, халық қалаулысы ауылдық елдімекендер толық интернетпен қамтылғанша аңшы куәлігін қағаз түрінде беруді сақтау керектігін айтып отыр.
«Қолданыстағы нормалар мен жүйелер жаңа көзқараспен қарауды талап етеді. Осыған байланысты, берілген аңшы куәліктерін жыл сайын тіркеу тәртібін белгілеу қажет деп санаймыз. Бұл жалған және заңсыз пайдаланылатын аңшы куәліктерін анықтауға, бұл туралы құқық қорғау органдарын уақтылы хабардар етуге мүмкіндік береді. Анықталған мәліметтер құқық қорғау органдарының арнайы тексеруінің нысаны болуы мүмкін. Сондай-ақ, бұл шара азаматтар иеленген және аң аулауда пайдаланылатын атыс қаруының санын бақылаудың маңызды элементтерінің бірі. Сонымен қоса республикада аң аулау мен жануарлар дүниесін орнықты пайдалануды реттеудің тиімді тетігі», - дейді ол.
Источник: www.inform.kz
Ашық көздерден алынған фото