«Қансонар» қоғамдық қауымдастығының төрағасы Оралбай Әбдікәрімовпен сұхбат кезінде ел қазынасын толтырудың тағы бір тетігі барын білдік. Ол – аңшылық шаруашылықты дамыту.
– Оралбай Әбдікәрімұлы, сіз басқаратын «Қансонар» қауымдастығы құрылғанда, оның Қазақ аңшылары мен балық аулаушылары одағынан қандай ерекшелігі бар деген сұрақ туындағанын жасырмаймын. Қауымдастықтың жойқын жоспары болғанын білемін. Сол жоспарларыңыз қаншалықты жүзеге асып жатыр?
– Сіз айтып отырған одақ 1958 жылы Қазақстанда социалистік жоспарлы экономика кезінде құрылған, бүгін де жұмыс істейді. Ол ұйым өз қызметін нарықтық қатынастар жағдайына бейімдей алмай, еліміздің аңшылық шаруашылығындағы жетекші орнын жоғалтып алды. Дегенмен іс жүзінде әрбір облыста өзінің құрылымдық бөлімшелерін сақтап отыр.
2012 жылы «Жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану туралы» заң қабылданды. Осы заңға сәйкес аңшылық шаруашылығы субъектілеріне республикалық қауымдастық құру міндеті қойылды. Мемлекет оған жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану жөніндегі өз өкілеттігінің бір бөлігін беруге тиіс болды. Сөйтіп, 2013 жылы «Қансонар» қауымдастығы құрылды. Қазіргі кезде 17 өңірлік өкілдігіміз бар.
Қауымдастықты құрғаннан кейін аңшылық шаруашылығы субъектілерінің соңғы жылдардағы өтінімдері мен есептерін талдап, елімізде мамық жүнді жыртқыш жануарлар мен кеміргіштердің барлық түрінің популяциясы кәдеге жаратылмайтынын анықтадық. Олардың саны көбейгені сонша, тіпті популяциялардың өзін-өзі реттеуінің табиғи ошақтары шыға бастаған-ды. Әдетте мұндай жағдайда бірқатар өңірлерде құтыру індеті, кене энцефалиті, туляремия, конго-қырым қанды безгегі, лептоспироз, қышыма және басқа да аса қауіпті бактериялық және вирустық зоонозды инфекциялардың тұрақты ошақтары пайда болады. Ал Үкіметтің осындай қауіпті індеттердің алдын алу жөніндегі шешімдерінде бұл инфекцияларды тасушы жабайы жануарларды реттеу қажеттігі еш жерде көрсетілмеген екен. Кәсіби аңшылық осыны реттеудің бір тетігі бола алды. Кәсіби аңшылықты жаңғыртудың экономикалық тиімділігі де бар, мысалы, өздігінен молаятын бағалы мамық жүнді аңның терісін аламыз, ауылдық жердің тұрғындарын жұмысқа тартамыз, бастысы қауіпті зоонозды індеттердің мониторингіне, профилактикасына және еміне жұмсалатын мемлекет қаражатын үнемдейміз. Кәсіптік аңшылықты жаңғырту үшін аңшылықты пайдаланушылардың қалауы мен күш-жігері жеткіліксіз, бұған, бірінші кезекте, ауылшаруашылық тауарларын өндірушілерге көрсетіліп жатқан сияқты мемлекеттік қолдау қажет. Себебі ауыл шаруашылығы мен аңшылық шаруашылығына мемлекеттік көзқарас әртүрлі болып келді.
– Қалайша?
– Ауыл шаруашылығын мемлекет түрлі жеңілдіктер, дотациялар арқылы қолдайды. Ауыл шаруашылығы кәсіпорындарына залал келтірілген жағдайда өтемақы беру де көзделген, басқа да қолдау шаралары бар. Ал аңшылық шаруашылығындағы жағдай мүлдем басқаша. Мемлекет шенеуніктері аңшылық шаруашылықтарға аң аулауға рұқсатты уақытылы бермеу, түрлі себептермен аңшылыққа тыйым салу, аңшылық алқаптарын мемлекет мұқтажы үшін алып қою сияқты түрлі кедергілер келтіреді. Мәселен, «Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы» заңда жер учаскелерін мемлекет мұқтажы үшін алып қою кезінде пайдаланушыға өтемақы, залалдың орнын толтыру немесе резервтегі аңшылық алқаптарын бекітіп беру кезінде преференциялар көзделмеген. Заңда жабайы жануарларды, оның ішінде «қызыл кітапқа» енген жануарларды қорғау үшін көтермелеу шаралары да қарастырылмаған. Соның салдарынан аңшылық шаруашылығын жүргізудің экономикалық негіздеріне нұқсан келеді. Бұл саланы дамыту үшін бұрын Ауыл шаруашылығы министрлігімен жұмыс істесек, енді Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігімен жұмысты жалғастырып жатырмыз. Өйткені Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті соңғы министрлікке берілген.
Біз аң аулау, бұл – орман, ауыл шаруашылығы сияқты біздің азаматтарымыздың қажеттілігін қанағаттандыра алатын, мемлекетке экономикалық пайда келтіретін тыныс-тіршілік саласы екенін дәлелдеуге тырысып келеміз.
– Бұл бағытта «Қансонардың» ұйықты болуымен аңшылық шаруашылығын дамытуға мүмкіндік беретін заңдар қабылданды емес пе?
– Иә, қауымдастық әу бастан аңшылық шаруашылықтарын дамытуды, соның ішінде жабайы жануарларды сақтап, олардың санын көбейтуді көздеді. Ол үшін фермерлік аңшылық шаруашылықтарын құрудың құқықтық базасын жасауға күш салды және ол нәтижелі болды.
Бұл саланың бағдарламасы жоқ
– Жаңа заң бойынша аңшылық шағын және орта бизнес көзі ретінде қарастырылады. Яғни, елімізде аңдарды қолда өсіруге болады. Осы кәсіппен айналысуға ықылас танытып отырғандар бар ма?
– Әрине, бар. Әйтпесе, бұл заңды қабылдамас едік. Аңшылық шаруа қожалықтары аңды қолда өсіріп, еті мен терісін сата алады. Бұл әлгінде айтқанымдай, ауылдық жердегі жұмыс орны мәселесін шешеді. Себебі аңшылық шаруашылықтарға орманшы мен күзетшілер керек. Вольер соғу үшін құрылысшылар тартылады. Ветеринарларға да сұраныс артады. Осылайша, ауылдағы азаматтарға жұмыс табылады. Ең бастысы, бұл азық-түлік жетіспеушілігінің алдын алады, мемлекет қазынасына салық құяды. Негізі мұның бәрі шет мемлекетте бар тәжірибе.
Аңшылық құру үшін туристер Африкаға барады, сол туристерді бізге тарту үшін де аңшылық шаруашылықтарды дамыту керек. Қауымдастық қызметкерлерін Чехияға жіберіп, зерттеу жүргіздік, ол жақта қолда өсетін аң өте көп екен. Олардан бюджетке миллиондаған доллар салық түсіп отыр. Ал мұнай бағасы құбылып, бюджеттің бүйіріне салмақ түсіп тұрған бүгінгі таңда аңшылық шаруашылықтар арқылы табыс табуымызға болады.
Жалпы, мейрамханалар тарапынан жабайы жануарлар етіне сұраныс өте жоғары. Себебі жабайы аң етінің диеталық қасиеті жоғары екен. 2017 жылы EXPO көрмесі өткенде, шетелдік павильондарда ашылған мейрамханалардан жабайы жануарлар етіне сұраныс жоғары болды. Мұндай сұранысты аңшылық шаруашылығы қамтамасыз ете алады. Оның үстіне, жабайы жануарларды арнайы шаруашылықта өсіру арқылы оларды сақтап қалуға да мүмкіндік туады. Сондықтан осы саланы дамытуға жағдай жасалуы керек. Бұл бағытта былтыр желтоқсанда тиісті заңға өзгеріс енгізіліп, аңшылық шаруашылықтарына жерді 49 жылға жалға беру мәселесі шешілді. Оған дейін жерді 2-3 жылға ғана жалға беретін. Сол себепті аңшылық шаруашылығымен айналысуға ешкім тәуекел ете қоймайтын.
– Бізде аңшылық шаруашылықпен айналысамын дегендерге 49 жылға жалға беретін жер бар ма? Сұрақты бұлай қоюымның себебі, бүгінгі таңда қай жерді көрсетсеңіз де иесі бар болып шығады. Жайылым мәселесі шешілмей тұрғанда, аңшылық кәсіп үшін жерді қайдан табамыз?
– Аңшылық шаруашылықпен айналысамын дегендерге жер жетеді, аңның бәрі жайылымда, егін салатын жерде жүрмейді, олар орман мен тауда өмір сүреді. Сол аңның өмір сүретін ортасынан жер берсе болды. Сонда ол жер үшін кәсіпкер жауапты болады. Ал дәл қазіргі кезде аңшылық шаруашылықтарда жер жоқ. Олар аңды қолда өсіремін десе, жер бөлу арқылы мүмкіндік беруіміз керек. Егер жерді 49 жылға жалға алса, 2-3 жылдан соң жерді босат деп ешкім мазаламайтынын біледі де, жұмысын алаңсыз атқарады. Біз әр облыстан ең болмағанда бір-бір шаруашылық ашуға ұсыныс жасап жатырмыз. Бұл – бизнес, пайдасы да шаш етектен. Тек оны реттеу үшін Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті арнайы бағдарлама жасауы керек. Дәл қазіргі уақытта осы сала бойынша не тұжырымдама, не бағдарлама жоқ.
Қазақ – тумысынан аңшы халық. Атадан балаға жеткен бұл кәсіпті жалғастырып жатқан намысқой жігіттерге рақмет, олар мемлекеттен ешбір көмек алмай-ақ жауапты жұмысты атқарып келеді.
Ең бастысы, жерді ұзақ мерзімге жалға беруге қол жеткіздік. Алайда Экология министрлігі нормативтік-құқықтық құжатты кешіктіріп жатыр. Заң қабылданған соң, сала министрлігі екі айдың ішінде нормативтік-құқықтық құжатты қабылдауы керек, желтоқсаннан бері, міне алтыншы ай кетті, ал құжат әлі жоқ.
– Министрліктен себебін сұрадыңыздар ма?
– Хат жіберілді. Біз министрлікке Жануарлар дүниесін басқаруды цифрландыруды да жеделдетуді сұрап жатырмыз. Себебі еліміздегі аң-құстың есебі жоқ. Қанша аю бар, қанша бұғы бар деген сұрақтың жауабы нақты емес.
– Еліміздегі жануарлар дүниесінің есебі жоқ болса, жоғалып бара жатқан жануарларды қалай түгендейміз?
– Сол үшін де цифрландыруды қолға алуымыз керек. Сонда аңшылық шаруашылығы аумағында аңның қандай түрі бар, саны қанша екенін білер едік. Әйтеуір, көңілге медеу болары, жаңа заңға жануарлар дүниесін цифрландыруға қоғамдық ұйымдарды қатыстыру туралы талап енгізілді. Алайда коронавирусқа байланысты жануарлар әлемін цифрландыру тоқтап тұр. Біздің бұл мәселені айтқанымызға 1,5 жыл болды, әлі шешілген жоқ.
– Неге?
– Себебі мемлекеттік қызметте отырғандар, оның ішінде комитет өкілдері де, басшылары да жаңалық енгізуге ынталы емес.
– Министр жас, жастың жаны жаңалыққа құмар келеді емес пе, үміт үзбеу керек шығар?
– Үміттеніп отырмыз ғой. Егер аңшылық шаруашылығын цифрландырсақ, бұл салада оң қозғалыс болады. Ал әзірге патриот жігіттер өз қаражатын жұмсап жұмыс істеп жатыр. Меніңше, цифрландыруды мемлекеттік-жекешелік шеңберінде енгізуге әбден болады.
Қазақы төбет азайып барады
– Сіз жеті қазынамыздың бірі саналатын қазақы иттерді халықаралық ұйымға тіркеу мәселесін жиі көтердіңіз. Үніңізге құлақ асқандар бар ма, жалпы осы мәселе қалай шешіліп жатыр?
– Баяғы жартас – сол жартас. Көрші Түркіменстан өзінің ақалтекесі мен алабайын халықаралық ұйымға тіркетіп қойды. Біз әлі жүрміз. Себебі халықаралық ұйымға тіркету үшін белгілі бір алғышарттарды орындауымыз керек. Мысалы, тазы мен төбетімізді халықаралық көрмелерге жиі апарып, таныстыруымыз қажет. Ит өсіретін питомник салып, тазы мен төбеттен бірнеше жыл бойы тұқым алып, көбейту талап етіледі. Негізі бұл жұмысты елордадағы агротехникалық университет атқаруға ықылас танытып отыр. Бірақ бар мәселе қаражатқа келіп тіреледі емес пе?
– Біз асықпай жүргенде итімізді басқалар иемденіп алмай ма? Мысалы, былтыр Мәскеудегі көрмеде біздің тазыны ортаазиялық ит деп таныстырған дейді…
– Ол рас, шынында, ол біздің тазы еді. Қазақ – тумысынан аңшы халық. Атадан балаға жеткен бұл кәсіпті жалғастырып жатқан намысқой жігіттерге рақмет, олар мемлекеттен ешбір көмек алмай-ақ жауапты жұмысты атқарып келеді. 2014 жылы Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп тазы мен төбеттің стандартын бекіттік. Біз өткізген көрмеге келген тазылардың 30-40 пайызы ғана жаңағы стандартқа сай келді. Яғни, он тазының үш-төртеуі ғана таза қанды тазы болып шықты. Ал он төбеттің екеуі ғана таза төбет екені анықталды. Таза тұқымды қазақы төбеттерді сақтау қажет екенін айтып, жазбаған жеріміз жоқ. Себебі қазақы төбеттердің өзге тұқымдарымен будандасқаны сондай, айыра алмайсыз. Төбет пен тазының тұқымын сақтап қалуымыз қажет деп жүргеніміз содан. Ал елімізде таза тұқымды тазылардың саны 500-ге де жетпейді. Жалпы, елімізде аңшылық кәсіпті дәріптеушілер азайып барады. Мысалы, бүркіт, сұңқар, ителгі ұстайтындардың саны 150-ден әрең асады. Алматы облысы мен Семей өңірінде, Көкшетау, Бурабай маңында біраз кісі ғана құсбегілікпен айналысады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Сенат Төрағасы болып тұрғанда осы мәселені көтерген сұхбатымды оқыған екен. Арнайы тапсырма да берген еді, нәтиже шықпады. Сондықтан әзірге министрлерге намысын оятатындай хат жазуға тура келіп жүр: «болашақ ұрпақтың алдында жауаптымыз, тазы мен төбетімізден айырылып қалсақ, ұрпағымыз бізге дейінгілер не бітірген деп сөкпей ме, ұлттық байлығымыздың тағыры сіздің қолыңызда» деп те жазамын, бірақ кімге жазсаң да, кімге айтсаң да, сіздікі дұрыс дейді, дейін дейді-ау, ал мәселені шешуге ұмтылмайды.
– Олар неге енжар деп ойланып көрдіңіз бе?
– Ұлттық намыс жоқ, басқа себебін көріп тұрғаным жоқ. Олар робот сияқты күнделікті жұмысын атқарып жүре береді. Оның үстіне, шынын айтқанда, бүгінгі пандемия кезінде бұл мәселені қайта көтеруге ұялады екенсің. Өйткені ел қиналып жатқанда иттің мәселесін көтергені несі деуі мүмкін ғой. Бірақ тазы мен төбет ұлттық брендіміз ғой.
Қазіргі Ауыл шаруашылығы министрімен де сөйлестім, анықтайын, білейін деді, көп ұзамай орынбасарынан хат та келді. Бәрі жоспар бойынша орындалады деген әдепкі жауап екен. Бірақ орындалып жатқан ештеңе жоқ. Ең болмаса, тазы мен төбет өсіретін питомник құру мәселесі шешілсе, жақсы болар еді.
– Сырт көз – сыншы демекші, ит жүгіртіп, құс салуға арналған іс-шараларда шенеуніктер төбе көрсете қоймайтынын байқаймыз. Сонда мемлекеттік қызметтегі азаматтарымыз үшін ұлт құндылығы деген ұғым ешқандай рөл атқармай ма?
– Білген кісіге аңшылық ұлы дала мерекесі ғой. Оны түсіну үшін түйсік болуы керек. Менің бір көзім жеткені, аңшылық шаруашылығын дамытуға, ит жүгіртіп, құс салу сияқты ата-бабадан қалған мұрамызды сақтауға елордадағы шенеуніктерден гөрі өңірдегі басшылар көбірек көмектеседі екен. Мысалы, былтыр қарашада Қарағанды облысының Шет ауданында Сәкен Сейфуллиннің 125 жылдығына арналған қансонар өткіздік. Біраз облыстан құсбегілер мен тазы асыраушылар келді. Өзбекстан мен Монғолиядан да қонақтар жетті. Алматы облысында тұратын Бағдат Мүптекеқызы құсбегілік өнерді дамытуға атсалысып жүрген аяулы қарындасымыз. Құс салып, ит жүгірту өнерімен негізінен Қытай мен Монғолиядан келген қандастарымыз айналысады. Алматы облысының Нұра ауылын ел бүркітшілер ауылы деп атайды. Себебі ол ауылдағылардың басым бөлігі құсбегілікті кәсіп еткен.
– «Қансонардың» құрамында құсбегілер бірлестігі бар ма?
– Әрине, белгілі әнші, қоғам қайраткері Нұрлан Өнербаев басқаратын «Қыран» федерациясы біздің қауымдастықтың мүшесі. Бұл федерациямен біз өте жақсы жұмыс істеп жатырмыз. Бір ғана мысал айтайын, бүркіт – Қызыл кітапқа енген құс. Заң бойынша бүркітті чип арқылы тіркеу біздің қауымдастық арқылы өтеді. Бүркітшілер жыл сайын бүркіттің чипін бізге көрсетіп отыруы керек. Бүркітті екінің бірі ұстап, баптай алмайды. Таудан бүркіттің балапанын алып, чипсіз асырау заңсыз болып саналады. Менің ойымша, бүркітшілерді де мемлекет қамқорлығына алуымыз керек. Себебі олар салтымызды сақтаушы, дәріптеушілер.
Жасыратыны жоқ, жас буын құсбегілікті, аңшылықты ұмытып барады. Ақмола облысында «Салбұрын» деген серіктестік бар. Туристерді аңға шығарумен айналысады. Біз осы серіктестікті «Қансонар» журналымызда жиі насихаттаймыз. Ол жерге қалай бару керек, кімдер қарсы алады, тазымен, бүркітпен қалай аң аулайды деген сұрақтың жауабы журналымызда тәптіштеп жазылған. Бірақ «Салбұрынға» сабылған турист аз. Соңғы уақытта қазақ жастары тамырынан ажырап бара жатқан жоқ па деп алаңдаймын. Әйтпесе, «Салбұрынды» бір көрген адам ол жерге ғашық болып қалар еді.
Былтыр Президентіміз Ұлытауда өткен халықаралық туристік форумда Ұлытауды халықаралық деңгейдегі этнографиялық туризм орталығына айналдыру туралы тапсырма берді. Бүгіндері бұл бағытта жұмыс жүріп жатыр. біз өз тарапымыздан Ұлытауда құсбегілік пен аңшылықты дәріптеуді қолға алмақпыз. Егер осы кәсіппен айналысамын дегендер болса, оларды қолдауға, «Салбұрын» серіктестігінде оқытып, үйретуге дайынбыз. Кейде компьютерден бас алмайтын балаларымызды – мектеп оқушылары мен студенттерді осындай жерлерге апарып, аң аулатсақ, құс салдырсақ деп армандаймын. Жастарымызды салт-санамызға осылай ғана бұра аламыз. Олардың арасында аңшылық кәсіпке қызығып, оны өмір салтына айналдыратындар шығуы мүмкін ғой. Бұл жақсы емес пе? Аңшылық кәсіппен айналысып, ата салтын жалғастырады әрі ел экономикасын көтеруге үлес қосар еді…
Әңгімелескен
Халима БҰҚАРҚЫЗЫ
Источник: aikyn.kz