helix3->PresetParam('_megabg')) ? $this->helix3->PresetParam('_megabg') : '#ffffff'; $megabgtx = ($this->helix3->PresetParam('_megatx')) ? $this->helix3->PresetParam('_megatx') : '#333333'; $preloader_bg = ($this->helix3->getParam('preloader_bg')) ? $this->helix3->getParam('preloader_bg') : '#f5f5f5'; $preloader_tx = ($this->helix3->getParam('preloader_tx')) ? $this->helix3->getParam('preloader_tx') : '#f5f5f5'; // load css, less and js $this->helix3->addCSS('bootstrap.min.css, font-awesome.min.css') // CSS Files ->addJS('bootstrap.min.js, jquery.sticky.js, main.js') // JS Files ->lessInit()->setLessVariables(array( 'preset' => $this->helix3->Preset(), 'bg_color' => $this->helix3->PresetParam('_bg'), 'text_color' => $this->helix3->PresetParam('_text'), 'major_color' => $this->helix3->PresetParam('_major'), 'megabg_color' => $megabgcolor, 'megatx_color' => $megabgtx, 'preloader_bg' => $preloader_bg, 'preloader_tx' => $preloader_tx, )) ->addLess('legacy/bootstrap', 'legacy') ->addLess('master', 'template'); //RTL if ($this->direction == 'rtl') { $this->helix3->addCSS('bootstrap-rtl.min.css') ->addLess('rtl', 'rtl'); } $this->helix3->addLess('presets', 'presets/' . $this->helix3->Preset(), array('class' => 'preset')); //Before Head if ($before_head = $this->helix3->getParam('before_head')) { echo $before_head . "\n"; } ?>
Вторник, 30 июля 2019 22:57

Жануарлар дүниесінің әртүрлілігін сақтау жауапты міндет

Соңғы жылдары табиғи ортаның әлемдік өзгеруі мен антропогендік әсерлердің күшеюіне байланысты жануарлар мен өсімдіктер дүниесінің биологиялық әртүрлілігін сақтау және табиғат байлығын ұтымды пайдалану проблемасы нағыз өзекті мәселеге айналып отыр. Өйткені соңғы жүз жыл ішінде жер бетінен, негізінен адам қызметінің әсерінен, омыртқалы жануарлардың 200-ден аса түрі мен шағын түрлері жойылып кетті. Олардың арасында Қазақстан аумағында тіршілік еткен жабайы түйе мен сиыр (тур), құлан, жабайы жылқы – тарпан, жолбарыс, қызыл қасқыр сияқты аңдар бар.

Бүгінгі заманда ғылым мен техниканың шарықтап өсуі, өнеркәсіп пен ауыл шаруашылықтарының дамуы және халықтың әл-ауқатының жылдан-жылға арта түсуі табиғат байлықтарын қорғау, сақтау, тиімді пайдалану процестерімен тығыз байланысты. «Жері байдың – елі бай», «Байлық анасы - жер» деген нақыл сөздер жердің адам баласына берерінің орасан мол екендігін байқатады.

Елбасы Н. Ә. Назарбаев ел халқына арнаған «Қазақстан - 2050» жолдауында еліміздің дүние жүзіндегі нағыз дамыған 30 елдің қатарына енуі үшін тиімділік пен әлемдік бәсекелестік принциптеріне сәйкес келетін және ұлттық ғылымға негізделген экономиканы қалыптастыру қажет екендігін атап айтқан болатын. Осыған орай XXI ғасырда биологиялық әртүрлілікті сақтау әрі молайту планетааралық және ең басты ұлттық міндеттердің бірі болып табылады. Бүгінгі таңда отандық зоология ғылымы мен аңшылық шаруашылығы алдындағы міндеттер өте ауқымды. Олар – жабайы жануарлар дүниесінің көптүрлілігін сақтау және оларды ұқыпты пайдаланудың ғылыми негіздерін жасау, міне, осы арқылы аңшылық шаруашылығын дүниежүзілік бәсекелестік негізде жұмыс істеуге бағыттау. Бұл ретте табиғи ресурстарды басқару мәселелері биоәртүрлілікті сақтау проблемасының басты элементтері болып табылады.

Халық қазынасы болып саналатын табиғат байлықтарының бірі - жабайы жанауарлар дүниесі. Жалпы көлемі 2754 мың шаршы шақырым жерді алып жатқан Қазақстанның ормандары мен кеңбайтақ жазира даласында, айдын көлдері мен өзендерінде бағалы тері, дәмді тамақ, дәрі-дәрмектік шикізат беретін хайуанаттардың көптеген түрлері тіршілік етеді.

Ал еліміздегі жабайы жануарлардың геноқоры табиғаттың төл туындысы әрі алуан түрлі болып келеді. Мәселен, тек омыртқалы жануарлардың 848 түрі (сүтқоректілердің 180 түрі, құстардың 500-ден аса түрі, бауырымен жорғалағыштардың 49 түрі, қосмекенділердің 12 түрі, балықтардың 104 түрі, дөңгелекауыздылардың 3 түрі), ал омыртқасыз жәндіктердің 50 мыңнан аса түрлері өмір

сүретіндігін айтсақ та жеткілікті. Өкініштісі сол, жәндіктердің тең жартысынан аса түрлері ғылым әлеміне әлі белгісіз, жете зерттелмеген.

Егер табиғаттың осыншама ен байлығын қамқорлыққа алып, дұрыс пайдалана білсек, ел экономикасына қыруар қосымша табыс көзін әкелер еді. Бұл ретте хайуанатттар мекендейтін жерлерде санын көбейту және қорғау үшін қажетті биотехникалық шаралар жүргізу арқылы олардың қорын ұтымды пайдалануға әбден болады. Айталық, сүтқоректілердің 36 түрі - ауланатын аңдар. Қазір Қазақстанда маралдың жалпы саны – 10 мыңға жуық, ал құлан – 2500, таутеке - 22 000, елік - 63000, құдыр 700-ге жетіп жығылады. Тұяқты аңдардың осындай ауқымды қоры олардың жылына 4,5-10%-ға жуығын аулап кәдеге жаратуға мүмкіндік береді. Аса бағалы терілер беретін аңдардың саны да айтарлықтай (суыр саны - 450 мың, ондатр - 747 мыңдай, қызыл түлкі - 145 мыңдай, қарсақ - 60 мыңдай, тиін – 28 мыңдай) қомақты.

Соңғы жылдары өзен кәмшаты (речной бобр) саны көбейгендіктен «Қызыл кітаптан» шығарылып, ауланатын аңға айналды. Сондай–ақ жағасында жайқалып қамыс–құрақ өскен өзен-көлдерімізде 7-8 миллиондай су құстары ұя салатын болса, көктем-күздегі құстардың қоныс аудару кезінде республика аумағы арқылы 10-15 миллиондай қанаттылар ұшып өтеді. Олардың 43 түрі - ауланатын құстар. Күзде құстарды аулауға рұқсат етілгенде олардың 2,0 -2,5 миллионға жуығы аңшыларымыздың олжасы болады.

Қосмекенділерге жататын көлбақа мен жасыл құрбақаның 260 мыңға жуығы ғылыми-зерттеу және медициналық мекемелер үшін ауланады. Ал, бауырымен жорғалағыштардан кәсіптік жолмен 40-50 мыңдай тасбақа ұсталып, Қытайға экспортқа шығарылады. Омыртқасыз жәндіктердің ішінде пайдалылары көп-ақ. Олардың бірқатарынан дәрілік шикізаттар алынса, кейбір түрлері өсімдіктерді тозаңдатумен қатар зиянды түрлерінің жалпы санын табиғи реттеушілер болып саналады.

Бұл келтірілген мәліметтер елімізде аңшылық шаруашылығын жаңа талапқа сай дұрыс жолға қойсақ, жануарлар әлемінің биологиялық әртүрлілігін сақтау мен тиімді пайдалану мүмкіндіктерінің мол екендігін көрсетеді. Осыған байланысты, мемлекет тарапынан бұл проблемаға аса зор мән беріліп, көмек көрсетіліп келеді. Мәселен, «Қоршаған ортаны қорғау туралы» (1997), «Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы» (2004), «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» (2006) Қазақстан Республикасының Заңдары қабылданды. Сонымен бірге, Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Жануарларға мемлекеттік санақ жүргізу тәртібі және Қазақстан Республикасы аумағында жануарлар дүниесінің мемлекеттік кадастрын жүзеге асыру туралы» (1995), «2010 жылға дейін су ресурстарын, жануарлар дүниесін сақтау мен тиімді пайдалану бағдарламасы және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар түрлерін дамыту туралы» (2007) қаулылары табиғи ресурстарды сақтау мен қорғау проблемаларын жүзеге асыруда үлкен көмегін тигізуде. Бұл шаралар «Халықаралық биоәртүрлілікті сақтау конвенциясының» (1992), «Қоныс аударатын жануарлар түрлерін сақтау конвенциясының» (1998), «Жойылып кету қаупі бар фауна мен флора түрлерімен халықаралық сауда жасау конвенциясының» (1999) міндеттерін бүкіл ел бойынша шешуге едәуір септігін тигізді.

Соңғы жылдарда экологиялық жағдайдың шиеленісе түсуі даламызда мекендейтін жабайы жануарлардың тіршілік ету тынысын тым тарылтып жіберді. Тіршілік ететін ортасының өзгеруі, адам қызметі әсерінен, әсіресе, браконьерліктің етек алуы салдарынан бірқатар жабайы жануарлардың азайып, тіпті кейбіреулерінің құрып кету қаупі туындап отыр. Бұған қасқыр, шүйебөрі сияқты жыртқыштардың көбейіп кетуі кері әсер етуде. Мәселен, 1954-1995 жылдары «Қазақстан ғажабы» атанған ақбөкен аулаудан 90 мың тонна ет, дәрі дәрмектік 250 тонна мүйіз дайындалып, одан түскен табыс жылына 3 милллион долларға жеткен. Үлкен табыс көзіне айналған бұл аңның саны күрт азайып, 2003 жылы бүкіл еліміз бойынша 21,2 мыңға жетер жетпес ақбөкен қалған екен. Одан кейінгі жылдары қорғауға алынып, мемлекет тарапынан жедел шаралар қолданылғаннан кейін ақбөкендердің саны жылдан-жылға көбейіп келеді. (2013 ж.-187 мыңдай ақбөкен саналды). 1978 жылдан бастап жалпы саны кеміп кеткен жануарлар есепке алынып, «Қазақстан Республикасының қызыл кітабына» енгізілді. Сондай-ақ оларды сақтап, көбейту шаралары жаппай жүзеге асырылуда. Бүгінде Республикалық «Қызыл кітапқа» омыртқалы жануарлардың 128 түрі мен шағын түрлері (дөнгелекауыздылар мен балықтардың -18, қосмекенділердің -3, бауырымен жорғалағыштардың -10, құстардың -57, сүтқоректілердің -40), ал омыртқасыз жәндіктердің 96 түрі мен шағын түрлері енгізіліп отыр.

Еліміздегі аңшылық шаруашылығын басқаруды бүгінгі таңда Қазақстан Республикасының Қоршаған орта және су ресурстары министрлігінің Аңшылық және орман шаруашылығы комитеті жүзеге асырады. Бұл комитет өз жұмысын облыстық аумақтық меминспекция, табиғат қорғау ұйымдары, орман шаруашылығы қызметкерлері арқылы жүргізеді. Айта кететін бір жай, бұл комитетте аңшылық шаруашылығын жақсы білетін жоғары білімді кадр жоқтың қасы. Бұл мәселе байыпты ойланып барып шешуді қажет етеді.

Демек, аңшылық шаруашылығының қазіргі жай-күйін, өткен ғасырдың 50-70-ші жылдарымен салыстырғанда, қанағаттанарлық деп айту қиын. Дегенмен, келешекте туған жерімізде аңшылық шаруашылығының дамуына құрылғанына көп бола қоймаған «Қансонар» аңшылардың қоғамдық бірлестіктері мен аңшылық шаруашылығы субъектілерінің республикалық қауымдастығы пәрменді көмек көрсетеді деген ойдамыз. Сонда ғана халық шаруашылығының бұл саласы жандана түсетін болады.

Ал Қазақстан аумағында жануарлар әлемінің әртүрлілігін сақтап, ұтымды пайдалану үшін келешекте мынадай түйінді-түйінді проблемаларды шешу қажет деп білеміз.

Ең алдымен республикамызда аңшылық шаруашылығының арнаулы мемлекеттік басқару органын ұйымдастыру мәселесін қарастыру қажет. Сондай-ақ елімізде жануарлар дүниесінің әртүрлілігін сақтау мен пайдаланудың ғылыми жүйесін жасау қажеттігін өмірдің өзі айқын көрсетіп отыр. Осы орайда табиғат байлықтарын сақтауға бағытталған қорықтар, ұлттық табиғи парктер, қорықшалар санын көбейтуді одан әрі жалғастырған жөн.

Бұл салада елімізде едәуір алға басушылық бар деп айтуға болады. Қазір 10 мемлекеттік қорық, 12 мемлекеттік ұлттық табиғи парктер, 5 мемлекетттік табиғи резерваттар, 51 республикалық маңызы бар қорықшалар, 5 мемлекттік республикалық қорғалатын аймақтар және басқа да ерекше қорғалатын аумақтар жұмыс істейді. Десек те, ұлан-байтақ жері бар қазақ елі үшін биологиялық әртүрлілікті сақтау тұрғысынан бұл әлі де болсын жеткіліксіз. Келешекте жануарлар мен өсімдіктердің алуан түрлерін сақтап қалу мақсатында Қызылқұмда, Бетпақдалада, Зайсан ойпатында ерекше қорғалатын аумақтарды ұйымдастыру өз кезегін күтіп түр.

Әрине, жануарлардың ауланатын және азайып кеткен түрлерінің қорын молайтып, өсіру үшін оларды браконьерлерден қорғау және оларға үлкен зиян келтіретін жыртқыш хайуанаттармен күресті күшейту, маман ғалымдарға жабайы жануарлардың биологиялық ерекшеліктері мен ортаға бейімделуін зерттеуге бүкіл жұртшылық болып жәрдемдесу, табиғат байлықтарын қорғау туралы көпшілік арасында үгіт-насихат жұмыстарын жандандыру және еліміздің жан-жануарлар әлемінің әртүрлілігін сақтап, тиімді пайдалану үшін халықаралық ұйымдармен байланысты да нығайта түсу қажет.

Міне, қазақ елінде тіршілік ететін хайуанаттардың биологиялық әртүрлілігін сақтаудың және оларды тиімді пайдаланудың негізгі бағыттары осындай. Жоғарыда аталған міндеттерді ойдағыдай жүзеге асырсақ, халықаралық биологиялық әртүрлілікті сақтау конвенциясы бойынша өзімізге алған міндеттерді сөзсіз орындап шығатын боламыз. Ал жабайы жануарлар дүниесі - таусылмайтын қор емес. Демек, оларды күтімге алып, өсімін көбейтудің тиімді жолдарын қарастырғанда ғана халық шаруашылығының кәдесіне жаратуға әбден болады.

Әлихан МЕЛДЕБЕКОВ,
ҚР Білім және Ғылым министрлігі
«Зоология институтының»
бас директоры,ҰҒА академигі, профессор

Аманқұл БЕКЕНОВ,
институттың бас ғылыми қызметкері,
биология ғылымдарының докторы, профессор

 

Журнал "Qansonar" №1(5) 2015 год

Прочитано 7420 раз
Оцените материал
(1 Голосовать)

footerlogo

 

«Информационно-развлекательный интернет-ресурс об охоте, рыбалке и активном туризме».
© 2024 Сайт Кансонар. Все права защищены.

Яндекс.Метрика