Жастайынан мұз төсеніп, тас жастанып, қар жамылып үйренген ағамыз кейінгі қартайған шағына дейін үйден тынысым тарылады деп, аулада шарбақтан киіз үйге ұқсатып шошала жасап, сонда қонып жүретін. Жылына бір ауылды сағынып барғанда әулетіміздің үлкені ретінде ол кісіге амандасуға барам. Барам да шошаланың сыртынан не істеп отыр екен
деп бақылаймын. Ағамыз жасы сексенге келіп қалса да ертең аңға шығатын адамдай ер тұрманын дайындап, қанжығаларын түгендеп, құрал-саймандарын жөндеп отырады, жәй отырмайды бірнәрселерді айтып, таңдайын қағып, шықылықтап өкінеді де отырады. Мен даусымды өзгертіп, орысша сөйлеп «Здравтсвуйте, вы будете охотник Байгазы» десем ол кісі балаша жымыңдап - ә, Самат қашан келдіңдер? –деп даусымнан танып қояды. Зердесі мықты адам еді. Сосын мен сұрақтың астына алам. – Аға, сіз осы неге шықылықтап өкініп отырасыз,- деп.
- Е-е баяғы өткен өмір, құрған аңшылықты есіме аламын да,- дейді. Сөйтсем, сәтсіз аяқталған кезекті бір аңшылықта аңның атысынан теріс барып немесе иіс алдырып, үркітіп алғанын ойлап өкініп отырады екен. Содан ағамыз құрған аңшылығы жөніндегі ағыл-тегіл әңгіме тиегін ағытады.
- Бірде, сенің әкең екеуіміз жаяу жайлауға бара жатырмыз. Көктекшенің теріскейінде, бүргеннің арасында еліктің екі текесі жатыр екен. Әкең мені елік қашып шығады ау деген қыратқа жіберіп, өзі атысынан кетті. Межелі жерге жетіп Әпитөкке (інісін солай атайтын) қарап мен отырмын, менің қолымда атақты «аққұндақ» жиырма сегіз, Ілекеңнің қолында біз «гек» деп атап кеткен Тоз-8 мылтығы бар. Ол бір мезгілде қалпағын солға сілтеп, еліктердің солай қашқаны жөнінде белгі берді. Мен еңкеңдеп қыратпен солға жүгірдім, біршама жүгіргенннен кейін ол қалпағын оңға сілтеп, еліктердің кері қашқаны жөнінде белгі берді, мен солай жүгірдім. Осылай төрт-бес рет арлы бері жүгіргеннен кейін, еліктерді жығып тастағанына көзім жетіп, кетші-ей деп, отыра кеттім. Міне, осы уақиғаны дәл кеше ғанабасынан өткізгендей, ерекше бір толғаныспен
Бірде облыс орталығынан Бәкеңнің керемет мергендігі мен «опырма» мылтықты сол кездегі мылтықтың төресі бесатардан тез ататыны жөнінде естіген облыстық әскери комиссариаттың басшысы Шілікті жазығының жоғары жағында Түйеботалаған жұртында күзеуде отырған Бәкеңді арнайы іздеп келеді. Облыс басшысымен аудан басшылары да ере келіп, бағлан жеп, біраз демалғаннан кейін келгендегі мақсаттарын айтып, жүз метр жерге нысана тіккізеді. Бесатарға бес оқ салып, ертоқымды көлденең төсетіп комиссардың өзі жатады. Бәкең жатып атудан бас тартып, тұрып ататыны жөнінде айтады. Мылтықтың ұңғысына бір оқ, сұқ саусақ пен ортан бармақтың арасына қос оқ, қалған екі саусақтың арасына бір-бір оқтан қыстырған Бәкең жарыса бес оқты атқанда, қонақ үш оқты ғана атып үлгеріпті. Ең бастысы Бәкеңнің бес оғы да дөп тисе, қонақтың бір оғы ғана нысана шетіне дарыпты. Аңшы келген қонақтарға бұның «түтін үзбей ату» деген әдіс екенін айтыпты.
Кеңес өкіметінің кезі, мал басы көп, малшылар жайлауға шығып шығыстың шұрайлы жайлауында мал қоңданту қамына кіріседі. Сондай бір жайбарақат күндерде ауа райы бұзылып, арты бұршаққа айналған қалың жаңбыр жаусын, үй қасында түнейтін сиырлар ық іздеп, өзен бойына түссе керек. Өзенге түскен иесіз табынды бірнеше аю өрлете қуалап, қуып жеткендерін жыға беріпті. Қара күш, өткір тырнақ пен адуынды азудың иелері сол түні отызға жуық тайынша, сиырларды жайратып салыпты. Бұл мал шығыны туралы мәлімет облыс басшыларына да жетеді. Артынша облыстан комиссия келіп тексеріп, шығын болған мал басын есептен шығарып, облыстан бірнеше кәсіби аңшыларды жіберуді ұйғарады. Артынша бес қаруын сайлаған, мылтықтарын майлаған үш аңшы келіп, өзен бойына балапан қарағайларды жығып, аю келеді ау деген жерді мөлшерлеп «атқы» құрады. Түрлері кәдімгі немістермен соғысқа дайындалғандай. Сырғауылдардан төрт-бес адам еркін сиятындай бөлме жасап, төбесін де балапан қарағайлармен шегелеп, төрт жағынан мылтықтың ұңғысы сиятындай төрт тесік қалдырады.
Шілде айында қараңғы біртіндеп түседі, малшының киіз үйінің жанына құрған шатырларында консервілеріне тойып алған аңшылар күн батпай құрған «атқыларына» барып кіріп алады. Кіреді де қараңғы түскенше аюлардың келуін күтеді. Әбден қараңғы түскеннен кейін, аю келмеді деп фонариктерін жарқылдатып шатырларына қайтады. Таңертеңінде жемтіктің желінгенінен, аюлардың келгенін байқайды. Осы жәйт дәл осы қалпында үш күн қайталанып, төртінші күні аңшылар оқтарын нысанаға шығын қылып, үйлеріне қайтады.
Облыстан келген аңшылардан қайыр болмағаннан кейін, совхоз басшылары Ілекеңді шақырады. Аңшы мал шығын болған жерді аралап шығып, келіп жүрген аюлардың төртеу екенін, бір үлкен еркек аю, екі ұрғашы және бір құнанша аю және олардың Күркелі шатынан келетінін анықтайды. Малшының үйінен асықпай тамақтанып, қараңғы түсе межелі жерге келеді. Алдыңғы келген аңшылар құрған «атқыға» отырмай жемтікке жақын жуан бір қарағайдың желкесіне жайғасады. Қасына қызық көріп, серік болғысы келген, сол малшыда көмекші болып жүрген жігіт ағасы қос ауыз он алтысын алып бірге келеді.
Түнгі сағат екіге жақындаған кезде, шат жақтан сынған бұтақтардың, ырсылдай қадам басып, тоқтап тың тыңдып, баспалап келе жатқан еркек аюдың белгісі білінеді. Сәлден кейін өзекті құлдай бірнәрседен құр қалғандай салдырлатып екі аюдың келе жатқаны білінеді. Олардың жақын келіп сұлбасы көрінгенін күтіп отырғанда төртінші құнанша аю тура желкелерінен қарағайды аралай түсіп келе жатады. Аюлардың ең үлкені жемтікке жетісімен бір гүрілдеп айдын жасап алып, көмілген сиыр еттерін қопара бастайды. Соңынан келген қос аю да қатарына көмілген жемтіктерді қаужауға кіріседі. Қараңғыда қарауыл көрінбейтін кезде, өзінің талай жылғы сенімді серігі отыз екімен ұңғысын тұрған аңның бауырына сұғып, түтін үзбей ататын әдіспен, көлденеңдеген атандай аюды қос өкпені мөлшерлеп тартып, тартып жібереді. Оқ тиген аю ақырғанда төбе құйқаң шымырлайды.
Өзекті өрлей қашқан қос аюдың біреуін көздей бір атып үлгереді. Осы сәтте мылтық даусының қайдан шыққанын білмей сасқалақтаған құнанша аю салдырлатып Әпитөк пен жігітті баса жаздап қастарына жетіп келеді. Мылтықтың ұңғысын сүре өткен аюды аңшы бір атып қалады. Аласапыран айғай, сынған бұтақтар у-шу болып, біраздан кейін маңай тым тырыс, өлі тыныштық орнайды.
Ілекең бірінші атқан аюдың алысқа ұзамасын біліп, қасындағы серігін ертіп іздемек болса, ол жанында жоқ болып шығады. Қараңғыда қарманып маңайынан қарайды, дауыстап шақырады. Сөйтсе қасындағы серігі отырған қарағайдың жанындағы аршаның астына кіріп кетіпті және біршама уақыт сөйлей алмай тілі байланып қалғанға ұқсайды. Енді тас қараңғыда жараланған аюды іздемек болған аңшыны қос қолдап құшақтап алып, ойбай ешқайда бармайық, қазір ана жаралы аю екеуіміздің быт-шытымызды шығарады деп жалынады.
Содан аңшы, белінен тас кенеше жабысқан көмекшіні сүйреп малшының киіз үйіне келіп қонып, таң ата із кесуге шығады. Еркек аю жүз елу метрдей барып жығылған екен, бір оқ діттегендей тақыр қолтықтан тиіпті де, екінші оқ қос өкпе тұсынан кіріпті. Екінші аюға оқ іштей тисе керек, бастапқы кезде шашыраған қан ұзай бере тамшыларға айналып, соңынан ішіне жиналған болуы керек мүлдем тоқтапты. Күркелінің шатындағы қалың шытырға түскен ол аю алдырмас, дегенмен бір-екі күннен кейін жан тәсілім ететініне сенімді. Үшінші құнанша аюға оқ жақсы тиген, ол бір бел асқаннан кейін жүруге әлі келмей, аршаның арасында жатыр екен. Кірген ізбен баспалай тақағанда адамның келе жатқанын сезіп ақтық кұшін жиып, ақыра тұрса керек. Аңшы сол мезетті пайдаланып, түрегеп тұрған аюды мойын тұсынан атып сұлатып түсіреді. Осы уақиғадан кейін совхоз малын қынадай қырған зиянкестердің көзін жойғаны үшін бе, әлде арлан аюдың терісін сыйға алғанына риза болды ма басшы аңшыға бір ат мінгізеді.
Қазіргі уақытта аңшы туралы әңгіме қозғалған кезде астына жол таңдамайтын көлік мінген, керемет сәнмен жасалған заманауи оптикалық дүрбі орналасқан талды мылтық ұстаған, сары-ала киім киген адамның көз алдыңа келетіні сөзсіз. Ал менің көз алдымда аңшы туралы бала кезімнен қалыптасқан сурет басқаша. Шұбар атын мініп, құндағы қажалып ақ-жоңқа болған «опырмасын» иығына асқан, өз қолынан оқтап, реттеп салған оқшантайын беліне байлап, ердің артқы қасына қоржынын бөктерген, талай құқайды көрген, әбден аңшылыққа әккіленіп алған Тарзан атты дүргейді соңына ерткен әкем көз алдыма келеді.
Біз ес білгелі табиғатпен етене жақын өстік. Әкеміздің соңынан еріп, он жасымыздан мылтық сүйреттік. Ұсақ шіл, кекілік, құр атудан бастап, тырнақты, тұяқты, мүйізді ірі аңдарды да атуға машықтандық. Әкеміз әр құс-аңның өзінің ататын уақыты болатынын, бәз-біреулер сияқты жыбырлағанға оқ жаудыра беруден аулақ болуымызды баса айтып отыратын. Аңшылық деген
– бір қызық. Жалғыз аяқ сүрлеу аң жолымен, ұшпа жартас желкесімен, пышақтың қырындай қыратпен, сүрінсең сайға жетпей тоқтамайтын қиямен ит арқасы қиянға салт атпен күндеп жүріп, діттеген жерге әзер жетесің. Тауда күнге бұлт ілінсе жаңбыр бірнеше күн жауып тұрып алатын әдеті бар. Суға малшынып, дым тартқан отын жанбай, әбден шаршағанда – әй енді осы қаңғығанды қоярмын деп өзіңе серт бересің. Тышқан мұрынын қанатпай аман есен үйге жетесің. Бір жеті өтер өтпестен үйшікке қамаған қасқырға ұқсап тауға қарап ұлып тұрасың.
Қызық...........
Самат ІЛИЯСҰЛЫ
Из журнала "Qansonar"