helix3->PresetParam('_megabg')) ? $this->helix3->PresetParam('_megabg') : '#ffffff'; $megabgtx = ($this->helix3->PresetParam('_megatx')) ? $this->helix3->PresetParam('_megatx') : '#333333'; $preloader_bg = ($this->helix3->getParam('preloader_bg')) ? $this->helix3->getParam('preloader_bg') : '#f5f5f5'; $preloader_tx = ($this->helix3->getParam('preloader_tx')) ? $this->helix3->getParam('preloader_tx') : '#f5f5f5'; // load css, less and js $this->helix3->addCSS('bootstrap.min.css, font-awesome.min.css') // CSS Files ->addJS('bootstrap.min.js, jquery.sticky.js, main.js') // JS Files ->lessInit()->setLessVariables(array( 'preset' => $this->helix3->Preset(), 'bg_color' => $this->helix3->PresetParam('_bg'), 'text_color' => $this->helix3->PresetParam('_text'), 'major_color' => $this->helix3->PresetParam('_major'), 'megabg_color' => $megabgcolor, 'megatx_color' => $megabgtx, 'preloader_bg' => $preloader_bg, 'preloader_tx' => $preloader_tx, )) ->addLess('legacy/bootstrap', 'legacy') ->addLess('master', 'template'); //RTL if ($this->direction == 'rtl') { $this->helix3->addCSS('bootstrap-rtl.min.css') ->addLess('rtl', 'rtl'); } $this->helix3->addLess('presets', 'presets/' . $this->helix3->Preset(), array('class' => 'preset')); //Before Head if ($before_head = $this->helix3->getParam('before_head')) { echo $before_head . "\n"; } ?>
Пятница, 05 июля 2019 16:19

ҰЛТЖАНДЫЛЫҚ ҰЛАҒАТТАРЫ

Сарыарқаның саңлақ азаматы, осы өңірдің төл тумасы Қасым Аппасұлы Тәукеновтың есімін елімізде білмейтіндер некен-саяқ болса керек. Өйткені табиғаттың тылсым сырларын тап басып тани білетін, аса байқампаз өлкетанушы, ең бастысы қай мәселеге болсын тұла бойында атойлап тұрған ұлттық намыс тұрғысынан қарайтын, ана тіліміздің, ұлттық құндылықтардың қалпына келуін бар жан-жүрегімен қалайтын өресі биік азамат екенін Қасым Аппасұлының Көкшетау облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болып бір жылға жетер-жетпес уақыт жұмыс істеген кезінде анық байқаған едік.

Ол кезде мен Уәлиханов аудандық «Шалқар» және «Простор» газеттерінің редакторы болып қызмет атқаратынмын. «Балықшы балықшыны алыстан таниды» демекші, қарамағында он бір жыл қызмет етіп, тәлім-тағылымын көрген ұлағатты ұстазым, облыстық газет редакторы, жазушы Жанайдар Мусинді жақын тартып, облысты жақсы білетін қаламгердің обкомға идеологиялық хатшылыққа келуіне Қасым ағаның себепкер болуы, ұлтжанды басшының пәрменімен сеңдей сіресіп тұрған орысша атаулардың қазақша қалыпқа келтірілуі, тұрғындары негізінен қазақтар болып табылатын бірқатар елді мекендердегі мектептердің қазақ тіліне көшірілуі нақ сол кез еді. Әрине, бұлардың бәрі жеке-жеке әңгімеге арқау етерлік дүниелер болғандықтан, әрі «Қансонар» журналының атынан сұхбат алу үшін арнайы іздеп барғандықтан Қасым Аппасұлымен әңгіме арнасын негізінен қасқырлар, аңшылық, саятшылық, табиғат қорғау тақырыбы тұрғысынан өрбітуге тура келді.

  - Құрметті Қасым Аппасұлы, үлкен-үлкен қызметтер атқарумен бірге жазушылықпен әрі аңшылықпен айналысқаныңызды жақсы білеміз. Әлбетте, «Үйдің жақсы болуы ағашынан, жігіттің жақсы болуы нағашыдан» деп жатады ғой, бұл қасиеттер Сізге кімдерден дарыған?

  - Нақты кімнен дарығанын қайдан білейін. Дегенмен атам Тәуке қажы табиғатынан аса байсалды, көп нәрсені көңіліне тоқып, ақыл-парасатпен пайымдай білетін адам болғанын айтқым келеді. Алты адамның бірі болып Ақмоланың түрмесіне қамалғанда, басқалары қашып кетіпті. Бірақ өзінің түрмеден қашпай қалып қойғанын, сол үшін қызылдар берген бір парақ қағаздың арқасында аман қалғанын айтып отыратын.

  Соғыс жылдарына тап келген балалық шақта ала жаздай киіз үйді паналайтын болсақ, күзге салым шымнан салынған жеркепеге келіп қоныстанатынбыз. Жеркепеге кірер алдында Тәуке атамыз жерүйдің ішіне ескі-құсқы киіздердің қиқымын төсетіп, біраз уақыттан кейін оларды тысқа шығарып жағып жіберетін. Бажайлап байқасақ, аш бүргелер жаңағы киіз қиқымдарына тап беріп жабыса кетеді екен. Содан кейін атамыз жеркепенің ішіне жусан әкелдіріп төсеттіретін де, үстіне текеметтер жайдыратын. Сонда жусан иісінен бүргелердің қорқатынын аталарымыз жақсы білген ғой. Мұны кейін жер қазу барысында тышқан індеріне кезігіп, ішіне жусан төселгенін, тышқандардың да бүргеден қорғану үшін жусанды пайдаланатынын байқаған едім.

  Әкем Аппас та қақ-соқпен жұмысы жоқ біртоға мінезді адам еді. 1943 жылы соғысқа қатысып жүргенде партия қатарына кандидат етіп алынып, жараланғаннан кейін елге қайткан ғой. Қажының баласы екені бетке шіркеу болып, партия мүшелігіне кандидат ретінде он үш жыл жүріпті. Мен өзім де жеті жыл бойы партия қатарына өткен емеспін. Бірақ атқарған қызметіме қарай өмірдің өзі иіп әкеліп, партия қатарына өтуіме, осы салада жоғары лауазымды қызметтерді иеленіп менменсіген кадрлармен жағаласа жүріп қызмет етуіме тура келді.

- Ал енді өзіңіз айтпақшы, қасқырлар туралы таным көкжиегін кеңейте түсуге септігін тигізетін кітаптар жазуыңызға не себеп болды? «Қансонар» журналының оқырмандарына бұл жөнінде не айтар едіңіз?

- Өзім он екі жастан бастап мал бақтым. Қасқырмен алғаш кезігуім сол жылдары болды. Түнде мал күзетіне барғанда, біздің бар сенетін айбарымыз жиырма сегізінші калибрлі берданка мылтық пен жалғыз ғана оқдәрі салынған патрон болатын. Оқ атылғанда аспан айналып жерге түскендей, жер-дүниені жаңғырықтырып жіберетін. Бірақ бұл бізге қатты ұнайтын, өйткені біз қасқырларды осылайша аулаққа қуатынбыз.

  Алғашында түнгі кезекшіліктен қорқатынмын. Бірақ біртіндеп көзім үйрене келе, қасқырлардың алдымен қойға шабатынын, ал адамдарға өз бетімен тиісе қоймайтынын байқағаннан кейін көңілім орнығып, түнгі күзетке көндіге бастадым. Айлакер түз тағысы отарға түнде шабатын болса, бұл ретте оның өзіндік есебі бар екенін байқадым. Қулығын асыра білген қасқыр ай жарығының көз қарықтыратынын пайдаланып, ай қозғалғанда айдың астымен жер бауырлай жылжығанда айналамен астасып қоңырқай тартып кеткендей онша байқалмайды екен.

  Уақыт өткен сайын мен қасқырлар туралы көп біле бастадым. Ақыр-соңында байқап-бақылағандарымның бәрін естен шығарып алмау үшін ерінбей күнделік жазуды қолға алдым. Осы бір ерекше жаратылған түз тағысымен әр кезіккен сайын қасқырдың қайраттылығына, батылдығы мен қулығына найза бойламайтын айлакерлігіне, толып жатқан басқа да қасиеттеріне қаныға түстім. Қайткенде тірі қалу үшін қандай әрекетке болсын баратыны, жараланып өлім аузында жатса да тәкәппарлығынан танбайтыны, тіпті менсінбеген сыңай танытып, паңдана қарайтыны таң-тамаша қалдырады.

  Сондай-ақ қасқыр жарықтық – қанша тырысып бақсаң да, қолға үйретуге көнбейтін, тек қана еркіндікті аңсайтын жеке-дара аң. Иесінің шыбыртқымен икемдеп қамшылағанына қарай билеп беретін, басқа да сан алуан қимылдар жасайтын, яғни айтқанына көніп, айдағанына жүретін арыстанды, жолбарысты, тіпті зор денелі піл мен қорбаңдаған аюды цирктен көріп тамашалауға болады. Ал қасқырды бұған ешқашан көндіре алмайсың. Айта берсек, кәнігі аңшының өзінен қулығын асырып, сан соқтырып кететін қасқырдың қастер тұтатын қасиеттері өте көп.

  - Бұрынғы аңшылық пен бүгінгі аңшылықтың арасындағы айырмашылықтың үлкен екені белгілі. Дегенмен дәстүрлі аңшылық, саятшылықты жандандыру енді-енді қолға алына бастаған сыңайлы. Бұған қалай қарайсыз?

  - Әрине, дұрыс қараймын. Әсіресе бұрынғы дәстүрлі аңшылықтың жаппай жандана бастағаны көңілге қуаныш ұялатады. «Қансонарда бүркітші шығады аңға, Тастан түлкі табылар аңдығанға» деп данышпан Абай атамыз айтпақшы, қазақтар үшін бүркіт баптап, ит жүгіртіп, аңға шығу бір ғанибет болған ғой. Бірақ бұрынғы аңшылар көзге көрінген аң атаулыны жөн-жосықсыз ата бермеген. Мәселен болашақ ұрпағын сақтап қалу үшін буаз қасқырды атпаған. Дана халқымыз айналадағы қоршаған ортаны көздің қарашығындай қорғауды көрген. Табиғаттың тепе-теңдігін сақтауды, оның бір бөлшегі болып табылатын жүгірген аң мен ұшқан құстың жер бетінен жойылып кетпеуін басты мұрат тұтқан.

  Өкінішке қарай, көздің жауын алып, табиғаттың сәнін келтіретін көптеген жабайы жануарлардың, шағын аңдардың, ақбөкендердің, еліктер мен суырлардың, арқарлар мен қояндардың жыл өткен сайын кеміп бара жатқаны, тіпті кей өңірлерде құрып кетуге айналғаны қынжылтады. Өткенде төте жолмен 450 шақырым жол жүріп Ұлытауға барып қайттым. Өкініштісі сол, жол бойы жоғарыда аталған аңдардың бірде-бірін кезіктіре алмадым. Жолай кезіккен кейбір ауылдарда бір кездегі едәуір қомақты көрінетін ешкілердің өзі мүлдем кішірейіп кеткенін байқадым. Есік пен төрдей еңселі, қарасаң көздің жауын алатын жылқыларды да кезіктіре алмадым. Әрине, бұлар – жергілікті тұрғындардың текелер мен айғырларды дер кезінде ауыстырып отыруға мән бермеуінен орын алған келеңсіздіктер. Ал мұны мысал ретінде келтіріп отырғаным себебім, табиғатта бәрі де өлшеулі. Жоғарыда айтып өткенімдей, табиғи тепетеңдіктер бұзылған жағдайда оның ақыры ауыр зардаптарға әкеп соғады. Мәселен, аш болған соң қасқыр ауылға келеді. Өйткені далада жейтіні жоқ. Бұл табиғаттағы тепе-теңдіктің бұзылғандығынан, оның үстіне бұрынғы аңшылыққа қарағанда бүгінгі аңшылық сипатының мүлдем өзгергендігінен, бір кездері тікүшақпен және басқа да жүйткіген көлік құралдарымен қуалап жүріп аң аулауға жол берілгендігінен деп білемін. Кезінде екі миллионға жетіп жығылатын киіктердің де әлдеқайда азайып қалғаны ашкөздіктен туындаған нақ осындай аңшылықтың салдары. Адам баласы әлі күнге дейін орайы келсе оларды мүйізі үшін жаппай қырып-жоюдан танбай келеді.

  Ал табиғаттың жанды бір бөлшегі болып табылатын, тіпті кейбір қасиеттерінен адамзаттың өзі үлгі алып, қастерлеуге татитын қасқырдың дәл қазіргі мүшкіл халін көргенде, қазақтардың 1932 жылғы ауыр жағдайы көз алдыма елестегендей болады. Бұрындары Ерейментау төңірегінде жылына 25-30 шақты қасқыр ауланғанда, олардың жалпы саны 100-ден кемімейтін. Қазіргі ауланатыны 3-4-ден аспайды. Осыны байқап, жаным күйзеледі. Содан болар, қазір аңға шығуды мүлдем дерлік қойып кеттім. Тегі, табиғи тепе-теңдігін қалпына келтіру үшін бұл өңірде бірнеше жыл қасқыр, басқа да аңдарды аулауды тоқтата тұрған жөн бе деймін.

  - Осы орайда аққуды атуға болмайды, аңның да киесі бар деген ұғымдарға, құзғындар мен қарғалардың көбейіп кетуіне байланысты не айтар едіңіз?

  - Әрине, аққудың киелі құс болып саналатынына еш дауым жоқ. Десек те, аққуды атпағанмен санын азайту керек. Бұл үшін аққудың көгілдірін, яғни биылғы балапандарын атып азайтсақ жетіп жатыр. Себебі айдын көлде 2-3-4-5 жұп аққу болса, қаз бен үйрек, қасқалдақ пен кептер сияқты басқа құстарға ұя салғызбайды. Көлді жеке меншіктеп алады. Негізінде кеңес кезінде аққуды ату сонау 1956 жылы тоқтатылған. Ал ешкім тиіспейтін болғандықтан құзғындар бүгінде айдын көлдерді емін-еркін жайлап алған. Тіпті жүз мыңдап көбейіп кеткен. Олардың әрқайсысы күн сайын кем дегенде 200 грамнан балық жейді. 200 грамды жүздеген мыңға көбейтіп көрсеңіз, онсыз да айдын көлдерде азайып бара жатқан балық қорын кемітіп жатқан жаңағы құзғындардың қаншалықты зиян келтіріп жүргенін байқау қиын емес. Демек, бұл ретте табиғи тепе-теңдігін ретке келтіру үшін құзғындарды атып, ұяларын бұзуға, яғни азайтып отыруға тура келеді. Бірақ та Қорғалжын қорығында бұл мәселе қолға алынбаған.

  Сондай-ақ қарғалардың көбейіп бара жатқаны жақсылық нышаны емес. Өйткені қарғалар құс жұмыртқаларын жейді. Сондықтан болса керек, кеңес өкіметі кезінде аңшылық билеті бар әр адам үшін екі-үш қарғаны атып, тұяқтарын тапсыру міндетті болып саналатын. Олай болса, бұрынғы атаулының бәрі жарамды емес деп жылы жауып тастауға болмайды. Жалпы табиғат, жануарлар дүниесін қорғау үнемі ғылыми тұрғыдан екшеп қарауды, дұрыс шешімдер қабылдап, байыпты әрекет етуді қажет етеді. Яғни шектен тыс көбейіп бара жатса, зиянды құстарды атып азайтып отыру, кеміп бара жатса, қамқорлыққа алып, өсімін көбейтуге бет бұру қажет деп санаймын. Сонда ғана аққу ұшып, қаз қонған көлдің сәні келіп, азып бара жатқан айнала қоршаған ортамыз сауыға түсетіні сөзсіз. Жабайы жануарлар дүниесі, оның ішінде қасқырлардың қатары толығып, өсімі көбейіп, табиғи тепе-теңдігі біршама жөнге келер еді.

  - Атамыз қазақ жеті қазынаның, ұлттық құндылықтардың бірі деп итті, оның ішінде қазақы тазы мен төбетті айрықша бағалаған ғой. Осыған орай Сіздің ортаға салар ой-пікірлеріңізді білсек деп едік.

  - Жеті қазынаның бірі ит екені рас. Өз басым ит ұстап көрген емеспін. Бірақ ит, оның ішінде бүгінде тұқымы құрып түгесілуге айналған қазақы тазы ұстағандарды көрдім.     
  Сондықтан белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, ұлтжанды азамат Оралбай Әбдікәрімов басқарып отырған «Қансонар» аңшылардың қоғамдық бірлестіктері мен аңшылық шаруашылығы субъектілері республикалық қауымдастығының кенжелеп қалған бұл мәселелерді қолға алғаны, әсіресе қазақы тазы мен төбеттің стандартын бекіттіріп, олардың шығу тегі біздің ел екенін жалпақ елге жария ету бағытында атқарып жатқан істері көңілге қуаныш ұялатады. Бастаған игілікті істері табысты болсын деп тілеймін.

  Дегенмен осы орайда айта кететін бір аталық кеңесім: біздер уақыт ілгері озған сайын ғасырлар бойы үзбей жалғасын тауып, бүкіл тыныстіршілігімізге нәр беріп келген ұлттық тағамдардан бірте-бірте ажырап бара жатырмыз. Бұл жақсы емес. Оның ақыры ұлттық қасиеттерден айрылуға әкеп соғатыны сөзсіз. Өйткені генетикалық жетілдірілген өнімдер (бұл жерде орысша – ГМП) жаппай ұлттық тағамдардың орнын толтыруда. Мәселен, басқасын былай қойғанда, айран, биокефир, ряженка сияқты дүкен сөрелерінде самсап тұрған сүт өнімдерінің бәрі негізінен құрамы белгісіз ұнтақтар арқылы дайындалады. АҚШ осындай өнімдерді өздері пайдаланбаса да, оның ақыры жақсылыққа жеткізбейтінін біліп, мұны әдейі істеп отыр. Кеңес заманында мұндай ұнтақтар малға берілетін.

Сөз түйіні

  Мамандығы бойынша мал дәрігері, кейіннен кеңшар директоры, аудан, облыс басшысы болып абыройлы қызмет атқарған Қасым ағаның көргені де, көңілге түйгені де көп, тұла бойы тұнып тұрған көл-көсір білім. Сондықтан да болса керек, кәдеге жарайтын ақыл-кеңестері аз емес. Үлкен-үлкен қызметтер атқарса да, кісілік пен кішілік қалпынан, өмірлік берік ұстанымынан ешқашан айнымаған абзал ағамен әңгіме барысында осыны анық байқадым. Білген үстіне біле түссем деген құштарлығым қоздай түскендей ме, қалай. «Өзіңді толғандырған, қойған кейбір сұрақтарыңа жауапты мына кітаптардан табасың»,- деп қолтаңбасын жазып, «Осторожно, волки», «...поклонись небесным тюркам» атты екі кітабын сыйға тартты. Қасым Аппасұлының бұдан басқа да «Абай бол, арлан», «Зов..», «Ойтұмар» сияқты бірқатар кітаптары жарық көріпті. Сөз түйінін талантты журналист, республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы Жанболат Әлиханұлының (Аупбаев) өткен жылғы 29 қазанда жарияланған «Тәукенов» атты көлемді мақаласындағы мына бір ойлы сөздермен аяқтағым келіп отыр: «Тек сөз соңында ескерте кететін бір жайт, абзал аға жоғарыдағы кітаптардың барлығын өз қаржысына шығарғандығы. Сөйтіп олардың біразын еркін елдің ертеңі – жас ұрпаққа тегін таратқаны. Өмірдегі мол тәжірибе, ақылкеңес, болған оқиға сатылмайды, айтылады емес пе?! Біле-білсек, бұл да бір өзінше өнеге әрі үлкен ғибрат.» Иә, бұл ұлтжанды, ұлағатты Қасым ағаның көп қырларының бірі ғана екенін іштей ұғынып, кісілік келбеті кімді болсын таң қалдырмай қоймайтын ағамен болған әңгімеден

 Қапез ҚОЖАХМЕТОВ
Журнал "Qansonar" №1(5) 2015 год.

Прочитано 5504 раз
Оцените материал
(1 Голосовать)

footerlogo

 

«Информационно-развлекательный интернет-ресурс об охоте, рыбалке и активном туризме».
© 2024 Сайт Кансонар. Все права защищены.

Яндекс.Метрика